Әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған білім берудің негізгі мақсаты білімді меңгеріп қана қоймай, білік пен дағды арқылы дербестік, ізденімпаздық, дені сау, өзгермелі жағдайда білімді де білікті жасөспірімдерді жан-жақты жеке тұлға ретінде даярлау. Осы мақсаттарды іске асыруда бүгінгі мектеп оқушыларына қойылып отырған мәселелер күн сайын талаптануда. Өйткені келешек қоғамыздың басты тұлғасы бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан мектепте берілетін кәсіби бағдар жұмыстарының бүгінгі күні маңызы зор болып табылады. Жалпы білімнің басты үш міндеті бар олар: баланың өзіндік жалпы дамуын, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз ету, және оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау. Осы үш міндеттің ішінде қоғамдық даму күрделенгенсайын баланы жастай алдағы кәсіпке бағдарлай әзірлеу – ең көкейкесті мәселеге айналып отырғаны дәлелденді.Қазіргі кезеңде жалпы білімнің міндеті – баланың жалпылама дамуын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы оларды жастай өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа арнайы бағыттай білу. Кәсіпке баулу – бұл әрбір жеке тұлғаның ерекшеліктерін және халық шаруашылығына, жеке салаларға қажетті сұранысы бар мамандықтарды ескере отырып жастарды еркін және өзіндік мамандық таңдауға дайындаудың ғылыми негізделген жүйесі.
Кәсіби бағдар беру — жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты саналы талдап алуға дайындауға бағытталған іс-әрекеті. Кәсіби бағдар беру арқылы оқушыларды мамандықтар әлемінде, олардың мазмұны, ерекшеліктері, жеке тұлғаға қоятын талаптарын өз бойындағы қасиеттерімен ұштастырып, өндіріс, шаруашылық салаларының даму міндеттеріне, оның нарықтық экономика жағдайындағы рөліне сай саналы таңдалып алынған мамандыққа мүдделілігін тәрбиелеуді қажет етеді. Мамандықты саналы таңдауда адамның қабілеттілігінің қалыптасуының да үлкен маңызы бар. Ол адамның психологиялық санасының қалыптасуына байланысты. Олар: қабілеттілік, қызығушылық, бағыттың құндылығы, кәсіптік жоспар, идеялы, сенімі, т.б. Мамандық туралы жеткіліксіз білу — мамандық таңдауда кездейсоқтыққа әкеліп соқтырады.Мамандық таңдауда қателесу сайып келгенде, таңдаған мамандығын жек көріп, жұмысорнын жиі өзгертуге себепші болады. Мектептегі кәсіптік бағдар беру жұмысының негізгі міндеттері төмендегідей:
— оқушыларды көпшілік мамандықтар туралы түсінікпен қаруландыру;
— кәсіптік қызығуы мен бейімділігін, қабілеттілігін қалыптастыру және дамыту мақсатында
оқушылардың дара ерекшеліктерін зерттеу;
— мектеп бітірушілерге мамандық таңдауға көмектесу;
— оқушыларды белгілі мамандықтың түрін меңгеруге бейімдеу.