Дұрыс тамақтану баланың өсіп келе жатқан организмінің қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Ата-аналардың өздері үлгі көрсетіп, ертеңгілік астан бастап тамақтану режимін сақтауға, тамақты отбасымен бірге ішуді, зиян келтіретін тағамнан, суды жеткілікті мөлшерде ішуге, көкөніс пен жеміс жеуге үйреткендері жөн.
- Газдалған сусын бермеңіз. Сондай-ақ энергетикалық және тәтті сусындарды тоңазытқышта сақтамағаныңыз жөн. Оның орнына балаңызбен бірге аздаған шырын қосылған минералды су ішуді әдетке айналдырыңыз.
- Теледидар мен компьютер алдында тамақтануға болмайтынын үйретіңіз. Өйткені кішкентайлар ғана емес, ересектердің өзі теледидарға телміріп отырып, шамадан тыс ішіп-жеп қойғандарын байқамай қалады.
- Тіскебасарын дайындап қойыңыз. Тамақ ішер алдында баланың тәбетін қайтаратын тәтті жегізбей, «асқазанын алдай» тұруға алдын ала дайындалған сіңімі жеңіл, мысалы, жеміс-жидек беріңіз.
- Сатып алатын тағамдарыңыздың құрамын міндетті түрде тексеріңіз. Әсіресе, балаларға алатын болсаңыз, екі есе мұқият болыңыз.
- Ас тұзын аз қолданыңыз. Балалар тұзды тағамдарды көп жесе, суды да көп ішеді. Ал олардың қарапайым су емес, көп жағдайда тәтті, газдалған сусындарды ішетінін ескерсек, балалар тағамына тұзды аздап қосқаныңыз жөн.
- Үйдің тағамын беріңіз. Уақыт жоқта дүкендерде сатылатын дайын тағамдардың «құтқарушыдай» көрінері түсінікті. Десе де, нағыз құтқарушы — үйде өз қолыңмен әзірленген ас: денсаулыққа пайдалы, қалтаңызға да аса ауыр салмақ түсірмейді.
- Тамақты үйде дайындап, дастарқанды бірге жаю отбасы мүшелерін бір-біріне жақындата түсері хақ. Соңғы жаңалықтарды тамаққа отырмастан бұрын бір-бірлеріңізден біліп аласыздар.